Әр шақырту – жауапкершілік: патрульдік полицейдің бір күні
Polisia.kz сайты азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын тәулік бойы күзететін – патрульдік полиция қызметкерлері жайлы айтып береді.
Қаланың әр көшесінде, әр бұрышында – тәртіп сақшыларының ізі бар. Теледидардан көретін сериалдардан бөлек, олар шынайы өмірде де біздің күнделікті қауіпсіздігіміздің кепілі. Уақыт пен ауа райына қарамастан, қоғамдық тәртіпті сақтау – олардың басты міндеті.
– Көпшілік патрульдік полицейлер тек көліктерді тоқтатып, хаттама толтырады деп ойлайды. Бірақ бұл – тек үстірт көзқарас. Біздің жұмысымыз учаскелік не жедел уәкілдермен бірдей жауапты. Біз тәулік бойы екі ауысыммен қызмет етеміз. Ауысым басталардан бір сағат бұрын келіп, саптық алаңда нұсқаулықтан өтеміз. Басшылық сыртқы келбетімізді, құрал-жабдықтарымызды, заңнама бойынша білімімізді тексереді. Бұл – қызметке толық дайын екенімізге көз жеткізу үшін. Әрбір автопатрульге нақты аумақ бекітіліп, сол жердегі шақыртулар бойынша жұмыс жүргіземіз. Маршруттар күн сайын ауысып отырады. Бұл – қаладағы барлық аудандарда қоғамдық тәртіпті қадағалауға мүмкіндік береді, – дейді Павлодар облысы Екібастұз қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының инспекторы Әділ Серік.
Полицейдің айтуынша, қаланың әр ауданы тәулік бойы бақылауда. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, “102” нөміріне келіп түскен шақыртуларға жедел жауап беру – күнделікті қызметтің бір бөлігі ғана. Сонымен қатар, патрульдік полицейлер шұғыл қызметтер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстап, іздеуде жүргендерді анықтап, азаматтармен профилактикалық әңгіме жүргізеді.
Тәулігіне патрульдік полиция шамамен 300-ге жуық құқық бұзушылықтың алдын алады. Олардың қатарында қоғамдық орындарда ішімдік ішу, тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық, абаттандыру ережелерін бұзу, отбасылық жанжалдар және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы бар.
Әрбір автопатруль – бұл біртұтас команда. Олар азаматтарға кешенді көмек көрсетуге, төтенше жағдайға шұғыл әрекет етуге және қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын. Мұндай қызметтің басты қағидасы – ешкім зардап шекпеуі тиіс: не жәбірленуші, не күдікті.
Қоғамдық тыныштық – баға жетпес құндылық. Оны сақтау үшін патрульдік полицейлер күн сайын жанкешті еңбек етеді.