"Арақ-шараптың қажеті жоқ": СҚО-да ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны артып келеді
СҚО-да ішімдік ішпейтін елді мекендердің қатарына тағы бір ауыл қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының тұрғындары екі жыл бұрын арақ-шараптан толығымен бас тартқан. Содан бері мұнда бірде-бір ауыр немесе аса ауыр қылмыс тіркелмеген, ұрлық пен отбасылық жанжалдар да жоқ.
- Арақ-шараптың қажеті жоқ, керісінше жұмыс істеу керек, - дейді жергілікті тұрғындар.
Мұндағы халықты жұмыспен қамтып отырған негізінен жергілікті "Дайындық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның директоры Біржан Шаймерденов ішімдіктен бас тартуды ұсынған бастамашылардың бірі болды.
- Біз мұнда жұмыс істей бастағанда ауылда 28 үй ғана болды, қазір олардың саны 80-нен асып отыр. Халық саны – 315 адам. Біз адамдарды осында көшуге шақырамыз, жұмыс орнын ұсынамыз, өндірісті арттырамыз, - дейді ол.
Сондай-ақ кәсіпорынның қолдауымен әлеуметтік инфрақұрылым да кеңейтіліп жатыр, адамдардың өзін-өзі дамытуға, спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Жергілікті мектепте 97 оқушы білім алуда. Мектептен кейінгі оқу орнында қажетті мамандықты меңгерген соң оларға да осы ауылдың игілігіне еңбек ету мүмкіндігі қарастырылған.
- Дайындық ауылы кіретін Ленин ауылдық округіне тәжірибелі учаскелік полиция инспекторы Әди Мұқжанов қызмет көрсетеді. Ішкі істер органдарында 10 жылдан астам тәжірибесі бар. Оның ауылдағы бүгінгі міндеті — соңғы уақытта жиі тіркелетін қылмыстардың бірі интернет-алаяқтықтың алдын алу. Дайындық ауылының өмірі алкогольден бас тартудың криминогендік жағдайға тікелей әсер етуінің нақты үлгісі болып саналады және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыруға ықпал ететінін айқын көрсетеді, - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлнұр Ахмедьяров.