Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ардагерге құрмет – өскелең ұрпаққа өнеге

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Е.Апаханов пен департаментке қарасты №31 мекемесінің қызметкерлері ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында олардың үйлеріне арнайы барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Отан соғысы кезінде қазақстандықтардың қосқан үлесі орасан зор болды. Майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлермен қатар, тылда қажырлы еңбек еткен азаматтардың да жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Аға буынның жанқиярлық еңбегі мен ерлігі – кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге.

Биыл бүкіл әлем Ұлы Жеңістің 80 жылдығын кеңінен атап өтеді. Осы айтулы дата қарсаңында, сондай-ақ Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Е.Апаханов пен ҚАЖД-ға қарасты №31 мекемесінің қызметкерлері ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында олардың үйлеріне арнайы барып құттықтады.

ҚАЖД басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Гиззатуллина тыл еңбеккері Гончарик Раиса Петровнаның шаңырағына барып, оны қос мерекесі – туған күні мен Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Раиса Петровна биыл 94 жасқа толады. Ол соғыстан кейінгі жылдары Балқаш қаласындағы АК-159/21 мекемесінде өткізу бөлімінің аға инженері болып қызмет еткен. Әріптестері оны өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары маман әрі жас кадрларды тәрбиелеген білікті ұстаз ретінде ерекше құрметпен еске алады.

ҚАЖД қызметкерлері мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері Раиса Петровнаға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, оның еңбегі мен ел игілігі жолындағы үлесі үшін алғыс білдірді. Құрмет иесіне грамота табысталып, гүл шоқтары мен сыйлықтар тарту етілді.

- Раиса Петровна, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және бейбіт аспан тілейміз! Сіздің қажырлы еңбегіңіз бен өмірлік тәжірибеңіз – біз үшін баға жетпес мұра, - деп атап өтті Е.Апаханов.

Ардагерлерге құрмет көрсету – олардың жасаған еңбегін ұмытпау, келер ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолындағы маңызды қадам. Ұлы Жеңіс жолында тер төккен әрбір азаматтың есімі ел жадында мәңгі сақталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру