Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ардақты генералдың өмір жолы – ұрпаққа үлгі

М.Есболатов атындағы Алматы академиясының ұжымы академия бастығының кеңесшісі, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденовтің 80 жасқа толған мерейлі мерейтойын салтанатты түрде атап өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Талап Қабденұлы Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын бекіту жолында ел деп еңбек еткен тұлғалы азаматтардың бірі. Оның өмір жолы, қызметтегі жетістігі бүгінгі ұрпаққа ғана емес, елдің болашағын сеніп тапсыратын жас буынға да өнеге болатын өмір.

Талап Қабденұлы жалындаған жас шағында комсмол жұмысында шыңдалса, ішкі істер органында Шымкент ішкі істер департаментінде кадр аппаратының бастығы, КСРО Ішкі істер министрлігіне кадр даярлайтын Шымкент арнайы орта мектебі бастығының бірінші орынбасары болды. Ішкі істер министрлігінің Алматы және Қостанай академияларын басқарды.

Бүгінде ол Алматы академиясында аға буынның ұлағатты өкілі ретінде жас ұрпақты патриоттық рухта, отансүйгіштік бағытта тәрбиелеуге үлкен үлес қосуда.

Генерал-майор Т.Қабденовтың мерейтой салтанатында академия басшысы Қ.Қобландин құттықтау сөз сөйлеп, Ішкі істер министрі Е.Саденовтың құттықтауын жеткізді және Т.Қабденовтың арнайы Қызылордада күріштен жасалған портретін тарту етті. Сондай-ақ генералдың бұрынғы әріптестері Б.Сарсеков, Т.Акимжанов, Б.Салаев, Ә.Әбжаппаров және Алматы қаласы, Қостанай облысы ПД бастықтарының орынбасарлары, ІІМ Ақтөбе заң институты, Қостанай академиясы бастықтарының орынбасарлары қатысып, ақжарма тілектерін жеткізді.

Қазақта “Әке көрген оқ жонар” деген қанатты қағида бекер айтылмаған. Ішкі істер органдарына сапалы кадрлар даярлаудағы еңбегі үшін генерал-майор атағын алған Талап Қабденовтей әкенің жолын қуған тағы бір генерал – Мұрат Қабденов. Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы да әкесін 80 жылдығымен құттықтап, сөз сөйледі.

Т.Қабденов туралы айтқанда мына бір оқиғаны айтпай кетуге болмас. Бүгінде шырқалып жүрген академия Гимнінің авторлары – Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков пен Талап Қабденұлы. Бұл күні жас ұрпақтың бойына патриоттық рух сіңіретін академия Гимні де шырқалды.

Кеш соңында 80 жастың сеңгіріне шығып отырған Т.Қабденов курсанттармен бірге “Нурикамал” әнін шырқады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру