Арнайы жасақтың қайсар болмысы: Конституция құрдасы Еркін Нәбиев қызмет жолымен бөлісті
Кәсіби миссия, жауынгерлік жігер мен арнайы жасақ атмосферасы — Конституцияның құрдасы Еркін Нәбиев қызметінің қыр-сыры туралы айтып берді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Арнайы жасақ жауынгері Еркін Нәбиев – Конституцияның төл құрдасы. Жуырда орда бұзар отыз жасқа толатын сақшы жігіттің Ақтөбе облысы полиция департаментінің қарамағында абыройлы қызмет етіп келе жатқанына 8 жылдан асқан.
Бала кезінен бастап спортты жанына серік еткен Еркін мектепте оқып жүрген кезінде-ақ, талай спорттық додаларда жеңіске жетіп, бокстан спорт шеберлігіне үміткер атанған. Әскери борышын өтеп жүргенде жас жауынгер өз жанына әскери өмірдің, темірдей тәртіп пен қауіпсіздікті қорғаудың аса жақын екеніне көз жеткізген. Оралған соң бірден құжаттарын алып, Ақтөбедегі полиция бөлімінің есігін қаққан.
Өткір жүзді, сымдай тартылған жауырынды жас жігіттің спортшы екенін жазбай таныған тәжірибелі тәртіп сақшылары оған арнайы жасақта қызмет етуді ұсынған. Осылайша, Еркін Нәбиев небары 21 жасында әрбір жауынгері сайдың тасындай іріктелетін, үздіктердің үздігіне ғана бұйыратын жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы лауазымына сүрінбей қабылданған.
Темірдей тәртіп, шүмектеп тер төгілетін үздіксіз жаттығулар, атыс полигонындағы тынымсыз оқу-жаттығу, ұйқысыз түндер мен қылмыскерлермен алысқан күндер, салмағы 25 келіден асатын арнайы киімді тәулік бойы киіп жүру – алғашқы айда жас маманға ауыр тиген. Алайда арнайы жасақтың аға буын жауынгерлерінің жігері мен қомқорлығы, командирлерінің шеберлігі Еркінді тез шыңдап, өз кәсібіне тез бейімделіп кеткен. Бүгінде Конституцияның құрдасы өз жұмысын сүйіп атқаратын адал жауынгер.
- Арнайы жасақта – өз миссиясын терең түсінген, әрі өз жұмысын сүйіп атқаратын адамдар ғана қызмет ете алады. Фильмдерден көріп, қару асынғанға, арнайы жасақ формасын киюге немесе жоғары жалақыға қызығып келетіндер – мұнда ұзаққа шыдамайды, - дейді бүгінгі күні аға инспектор лауазымында жас жауынгерлерге тәлімгер де болып жүрген Еркін Нәбиев.
Еркіннің айтуынша, арнайы жасақтағы атмосфера мүлде бөлек. Мұнда әрбір жауынгер бір-біріне нағыз бауыр, ал әрбір командир –құзіретті қолбасшы, әрі қамқор аға.
- Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлерінің тек дене ғана емес, мінез-құлқына, психологиялық даярлығына ерекше назар аударылады. Ең алдымен әрбір жауынгер – батыл, салқынқанды, стреске төзімді болуы тиіс. Операцияға қатысу кезінде әртүрлі қақтығыстармен бетпе-бет келулер болып тұрады. Сондай-ақ спорттық шаралар, мысалы, футбол сияқты бұқаралық шаралар өткізу кезінде эмоцияға берілген жанкүйерлердің тарапынан арандатуға шақыру әрекеттері де болу мүмкін. Әрбір жауынгер эмоцияға берілмей, өзінің басты миссиясы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін ұмытпайды, - дейді полиция аға лейтенанты.
Еркіннің мамандығы — заңгер. Оның айтуынша, арнайы жасақтағы әрбір жауынгердің біліміне, өз міндеттерін білуі мен заңнама талаптарын сақтауына ерекше ден қойылады. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, күдіктілерді ұстау кезінде олардың конституциялық құқықтарының бұзылмауы әрдайым басты назарда. Үнемі бес қаруы сай жүретін жігіттер, атыс қаруын қолдануды әбден меңгермейінше, қауіпсіздік шараларына қатыспайды.
- Тәуелсіз елде туылғаныма, Конституциямыз бекіп, зайырлы-құқықтық мемлекетке айналған кезде дүниеге келгеніме қуанамын. Менің атымның Еркін қойылуы да тегін емес. Біз егемен елдің ұландары ретінде барынша еркін өстік. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын күзетіп жүргенім, заңға қызмет ететінім - мен үшін үлкен мақтаныш, - дейді Конституцияның құрдасы, Ақтөбе облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Еркін Нәбиев.
Еркін жігерлі жауынгер ғана емес, үнемі тілеуін тілеп, қауіпсіздігіне алаңдап отыратын ата-анасына адал ұл, үлгілі отағасы, қос ұланның қамқор әкесі.