Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбек Қарин өзінің әкімшілік аумағын аралау барысында, жазатайым оқиға туралы хабар алды. Бірнеше минут ішінде оқиға орнына дереу жетті. Оқиға болған жерде бірнеше адам жиналып, әйелді шығаруға тырысып жатты. Әйел тереңдігі 4 метр болатын кәріз құдығына құлап кеткен. Су деңгейі беліне дейін жеткен.

Полиция қызметкерлері жағдайды бағалап, дереу әрекетке кірісті.

– Мен қызметтік көліктен құтқаруға арналған арқанды алып, оны кәріз құдығына тастадым. Әйелден оны кеудесіне байлауын сұрадым. Ол кісіге де ояңай болмады, бірақ сонда да менің айтқанымдай істеді. Кәріз құдығынан оны ақырындап сыртқа шығарып алдық, – дейді учаскелік полиция қызметкері.

Патрульдік полиция қызметкерлері Руслан Капсаматов пен Мұрат Жамалиев көмекке келді. Олар әйелді қызметтік көлікке отырғызып, қалалық ауруханаға жеткізді. Ауруханада жергілікті тұрғын осы құдықтың жанындағы үйде тұратынын айтты.

– Үйден күйеу баламмен бірге жұмыстармен шыққанбыз. Мен ағаш тақтайшалармен жабылған кәріз құдығын байқамадым. Туысым оны айналып өтті, ал мен дәл кәріз құдығының үстінен басып, құлап кеттім, – деді Арқалық қаласының тұрғыны.

Әйел абайсызда құлап, аман қалды. Алайда қабырғалары сынды. Бұл қауіпті кәріз құдығы туралы полицейлер жергілікті әкімдікке хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру