Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арын жанынан биік қоятын ұлт перзенті – 85 жаста

«ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков мерейлі 85 жасқа толды. Отанына адал перзентті мерейлі сәтімен ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиынға ғұмырын ұлтына арнаған ардагерге құрмет көрсетіп министрдің орынбасарлары, құрылым басшылары мен өзге де қонақтар қатысты. Өмірзақ Қоспанұлы ғұмырының 45 жылын ішкі істер органдарына арнаған тұлға. Зейнетке шыққаннан соң да, мәнге толы 17 жылын ІІО-ға арнады, ардагерлерге төрағалық етіп, жас буынды тәрбиелеп келеді. Ішкі істер органдарының даму жолында қажырлы еңбек еткен ардагерге министрдің өзі құрмет көрсетіп, 85 жас мерейтойымен құттықтап, алғысын білдірді.

– Шырайлы басқосуға себеп болып отырған алдыңғы буын ағамыздың өмір жолы бізге мәңгілік өнеге. Ардақты генерал 1939 жылы 18 маусымда Ақмола қаласында дүниеге келген. Мектепті аяқтап, 1956 жылы КСРО ІІМ-нің Омбы арнайы орта мектебіне оқуға түсті, оны 1958 жылы үздік аяқтап шықты. Қызмет жолын Ақмола станциясында желілік милицияда жедел уәкілден бастап, түрлі басшылық қызметке дейін көтеріліп, адал қызмет етті. Жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Целиноград ауданының ішкі істер басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. Министрліктің штаб бастығы лауазымына дейін өсті. 10 жыл бойы Целиноград облыстық атқару комитеті ішкі істер басқармасын басқарған. Генерал ағамыздың көп жылғы кәсіби қабілеті Мемлекет басшысы тарапынан да бағаланып, “Құрмет”, “Парасат” ордендері секілді мемлекеттік деңгейдегі жоғары марапаттарға да ие болды, – деді ведомство басшысы Ержан Сапарбекұлы.

Сондай-ақ Ішкі істер министрінің басшысы мерейтой иесіне министрліктің Құрмет грамотасымен марапаттап, иығына шапан жапты. Жиын барысында министрдің орынбасары Марат Қожаев, Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қиындығы мен қызығы қатар жүретін салада жол көрсетіп, ақыл-кеңесімен бөліскені, елі мен халқы алдындағы мінсіз қызметі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің, республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің өкілдері иесін құттықтап, жылы лебіздерін айтты.

Жарты ғасырдан астам уақытын ішкі істер саласын дамытуға арнаған жан ең үлкен сый мен құрметке лайық екені сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру