Арыс ауданында полицейлер карантин кезінде жұмыс жасаған букмекерлік кеңсені анықтады
Полицейлер түнгі уақытта Арыс қаласында букмекерліккеңсенің жұмыс жасап жатқандығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру барысында ойынхана ішінде 4-5 келуші болған. Аталған жайт ҚР ҚК–нің 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша тіркеліп, заңға қайшы келетін заттар болуы мүмкін екені ескеріліп, ойынханадан 11 дана процессор, бейнебақылау жады және чек–фиксаторы айғақты зат ретінде тәркілеп алынды. Сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер ойынханаға қатысты мән–жайды толық тексеруде.
Жалпы, Арыс АПБ–нің қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы) 157 құқықбұзушылықты анықтап, хаттама толтырды. Оның ішінде бесеуі беташар тойын өткізгендер болса, біреуі қыз ұзатып, той жасап, адамдардың шоғырлануына жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар. Ал, белгіленбеген орындарда суға түсу бойынша яғни ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабымен (Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу) 70 адам анықталып, хаттама толтырылды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға және кәсіпкерлерге карантин талаптарын яғни бетперделік режим мен арақашықтықты сақтауды, әсіресе заңсыз ойынханалар ашып, жастардың санасын улауға жол бермеуді ескертеді.