Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арыстанғани Заппаров: «Жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланудың әрбір дерегі мұқият тексерілетін болады»

Алматының бас полицейі жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланудың әрбір дерегі мұқият тексерілетінін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz

Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесінің жұмысымен танысты.

– Күніне 800 мыңнан астам көлік жүретін ірі шаһар жағдайында бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Ол жалған нөмірлерді пайдаланатын жүргізушілерді, жарыс ұйымдастырып, агрессивті жүргізуге жол бергендерді анықтауға, сондай-ақ, абайсызда қайғылы оқиғаға әкелетін, жол қозғалысы ережелерін елемейтін жол қозғалысына қатысушыларды анықтауға бағытталған. Жалған нөмір, әдетте, бейнебақылау жүйелерін «айналып өту» үшін және қылмыс жасағанда қолданылады. Біздің міндетіміз – мұндай деректердің алдын алу және осы сұмдық тәжірибені жою. Полицияның алдыңғы шептегі бөлімшелері мен ақпараттық технологиялар мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауға барынша жұмылдырылды, – деді Арыстанғани Заппаров.

Алматы полициясы басшысының айтуынша, тек осы айдың басынан бері қала жолдарында көлік құралын жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен басқарудың 218 дерегі, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоқ көлік құралын басқарудың тағы 773 дерегі анықталған. Сонымен қатар, осы айдың басынан бері 4 егіз көлік ұсталды.

– Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзып, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген көліктерді ұстау жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта ірі көлемдегі әкімшілік айыппұлдары бар көліктердің тізімін жасадық. Мәселен, кеше И. есімді азаматтың басқаруында болған ВАЗ-21114 автокөлігі ұсталды, оның 2,4 млн теңгеден астам төленбеген айыппұлы бар. Осы айдың басынан бері жалпы қарызы 11 миллион теңгеден асатын 9 көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды, – деп толықтырды Арыстанғани Заппаров.

«Қорғау – Қауіпті жүргізуші» жүйесі енгізілгеннен бері барлығы 38 824 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде жылдамдықты шектен асырған 33 126 жүргізуші, көлікті техникалық байқаусыз басқарудың 2 349 дерегі, 2 322 көлікті сақтандыру полисінсіз жүргізу, 83-і бұрын көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған жүргізушілердің рөлге отырған дерегі.

Жүргізілген алдын алу іс-шараларының нәтижесінде, 1128 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды, 485 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру