Арыстық автоұрылар ұсталды
Түркістан облысының полицейлері бірнеше көлікке ұрлыққа түскен автоұрыларды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, түнгі уақытта белгісіз адамдар оның көпқабатты тұрғын үйінің ауласында тұрған «Лада Приора» маркалы автокөлігінің төрт дана дискілерін қыстық дөңгелектерімен бірге жасырын түрде жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 85 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.
Полицейлер бірден автоұрыларды ұстауға қажетті шараларға кірісті. Арадан бірнеше күн өткенде дәл осындай арызбен келесі тұрғын шағымданады. АПБ-не арызданған ер адам полицейлерден көмек сұрап, автоұрыларының құрбаны болғанын жеткізеді. Бұл жолы да күдіктілер көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тұрған «ВАЗ 2114» маркалы автокөліктің төрт дана дискілерін жаздық дөңгелектерімен бірге жасырын түрде жымқырып кеткен. Осылайша тәртіп сақшылары екі жайтты да бір ұрылар жасауы мүмкін деп топшылайды. Осы бағытта іздестіруді жалғастырады. Тәжірибелі тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексереді, жақын аулалаларды қарап шығады. Соның нәтижесінде автоұрылардың ізіне үш күнде түседі. Күдікті ретінде жергілікті тұрғындар, екі жігітті ұстайды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті екеу алдын ала сөз байласып, оңай жолмен ақша таппақ болған. Содан түнгі уақытта қараусыз тұрғанын, көшеде ешкім жоқтығын пайдаланып көліктердің дөңгелектерін шешіп әкетіп отырған. Ұрланған дөңгелектерді сатып үлгерген. Оған қоса күдіктінің біреуі тағы да бір ұрлық қылмысына қатысы бар болып шықты. Яғни жас жігіт қаңтар айында тұрғынның үйінің алдында тұрған жүк көлігінің екі дана аккумуляторын жымқырып, жәбірленушіге 70 мың теңге шығын келтірген. Полицейлер айғақты зат ретінде ұрланған көлік бөлшектерін тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқырғандар қамауға алынды. Қазіргі таңда «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде полицейлер азаматтарға көліктерін ақылы автотұраққа қоюды, есіктерін кілттеп жүруді ескертеді. Сондай-ақ көлік ішінде бағалы заттарыңызды, әмиян, ұялы телефондарыңызды қалдырмауға кеңес береді.