Арзан бағада пәтер алмақ болған Семей тұрғыны алаяққа алданып қалды
Арзан бағада пәтер алмақ болған Семей тұрғыны алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айының ортасында Әуезов полиция бөліміне 23 жастағы қыз келіп, 2022 жылдың маусым айында бейтаныс жігіт нарықтан төмен бағада пәтер сатып алуға көмектесуге уәде бергенін айтты. Жәбірленушіні сендірген ер адам пәтерді арзан бағада сатып алғысы келетіндердің көптігін алға тартып, қаражатты бірден беруді талап еткен. Жәбірленуші көп ойланбастан қажетті ақшаны апарып берген. Алайда қала тұрғыны уәде етілген пәтердің кілтіне қолы жетпегендіктен, алаяқтың арбауына түскенін түсініп, полицияға жүгінген.
– Абай облысының полицейлері аталған іс бойынша күдікке ілінген облыс орталығының 33 жастағы тұрғынын анықтап, қолға түсірді. Жауап алу барысында ер адам кінәсін мойындап, қаражатты өз қажеттілігіне жұмсағанын айтты. Полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болмау үшін кезекте сақтық шараларын сақтау қажеттілігін ескертеді. Қаскөйлер көбінесе арзан бағамен немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй мен жер учаскелерін алып беруге көмектесетінін айтып, өздерін мемлекеттік органдардың қызметкерімін деп таныстырады. Олар жиі сыйақы үшін жылжымайтын мүлікті тездетіп алуға көмектесеміз деп уәде беріп, азаматтарды алдайды. Осыған байланысты абай болуларыңызды сұраймыз, – деді Абай облысы бойынша ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.
Жоғарыда көрсетілген дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.