Ашық диалог алаңы: Алматы облыстық полиция департаментінде азаматтарды қабылдау өтті
Алматы облысы ПД-да азаматтарды қабылдау шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы полиция департаментінде халықтың сенімін нығайту және полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кезекті азаматтарды қабылдау шарасы ұйымдастырылды.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер негізінен қылмыстық істердің тергелу барысы, процессуалдық әрекеттердің заңдылығы мен объективтілігі, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің өтініштерге дер кезінде әрекет етуі сынды өзекті тақырыптарға қатысты болды.
Әрбір өтініш жеке-жеке қаралып, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Қоғамдық маңызы бар барлық өтініштер полиция департаменті басшылығының жеке бақылауына алынды.
Мұндай форматтағы кездесулер – полиция мен қоғам арасындағы сындарлы диалог пен өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі. Олар халықтың үніне құлақ асып, әділдік пен заңдылықты қалпына келтіруге, сондай-ақ құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға бағытталған.
Алматы облысы полиция департаменті бұдан былай да азаматтарды тұрақты түрде қабылдап, ашықтық пен айқындық қағидаттарына сүйене отырып, халықпен тығыз қарым-қатынасты жалғастыруға ниетті.