Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды

Астана бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №2 мекемеде сотталғандардың еңбекпен қамтылу деңгейін арттыру және өндірістік секторды дамыту мақсатында полимерлік қаптама өндірісімен айналысатын алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі – "Ново Пэк" өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында мекеме аумағында өндірістік алаң құру, жұмыс орындарын ашу және сотталғандарды еңбек қызметіне тарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі, технологиялық талаптарды сақтау және мамандық бойынша кәсіби оқыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығы атап өткендей, еңбек арқылы бейімделу – сотталғандардың қоғамға сәтті қайта оралуының негізгі жолдарының бірі. Пайдалы еңбекке тарту сотталғандардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, жауапкершілік сезімін қалыптастыруына ықпал етеді.

"Ново Пэк" компаниясының өкілдері ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіріп, мекеменің өндірістік кластер құрудағы әлеуетін атап өтті.

Келісілген жобаларды іске асыру сотталғандардың жұмыспен қамтылуын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға және мекеменің өндірістік базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Жауап қалдыру