"Астана – есірткісіз қала": елордада полицейлер профилактикалық акция өткізді
Елордада полицейлер профилактикалық акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Астана қаласы полиция департаменті мен университет бірлесіп ұйымдастырған "Астана – есірткісіз қала" атты маңызды профилактикалық акция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің дұрыс өмірлік ұстанымын қалыптастыру, есірткі қолдануға қарсы айқын көзқарас қалыптастыру, саналы, қауіпсіз және салауатты таңдау мәдениетін дамыту. Елордалық полиция жастарды есірткі қауіпінен қорғауға, құқықтық сананы нығайтуға және өз болашағы үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Іс-шараны ашқан Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Әбікен сөз сөйледі.
– Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін маңызды өмірлік бағдар – дұрыс құндылықтар мен саналы таңдау болуы тиіс. Елорда полициясы есірткі қатерінің кез келген көрінісіне дәйекті түрде қарсы тұрады. Бүгін мұнда еліміздің болашағын қалыптастыратын жастар жиналды. Болашақ дұрыс, қауіпсіз әрі лайықты болуы керек. “Заң мен тәртіп” – сіздердің саналы таңдауларыңызға айналуы қажет, – деп атап өтті ол.
Акцияға студенттермен қатар танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және пікір көшбасшылары қатысты. Қонақтар қатарында әлем чемпиондары, рекордшылар, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, кәсіпкерлер, ұлттық құрамалардың жаттықтырушылары, психикалық денсаулық саласының мамандары және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері болды. Олардың қатарында Ангелина Лукас, Илья Ильин, Василий Тахтай, Нұрсұлтан Әлиақбаров, Әли Ермағамбет, Русалина Молдахметова және Дамир Байбазаров бар.
Қонақтардың жеке өмірлік тәжірибесі мен студенттермен ашық форматта әңгімелесуі жастар үшін қуатты ынталандырушы фактор болды.
Акция барысында студенттер тақырыптық бейнероликтер тамашалап, нарколог-дәрігердің дәрісіне қатысты, шақырылған спикерлермен еркін пікір алмасып, Кинологиялық қызмет орталығы мен полицияның Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қару-жарағы мен кәсіби дағдыларын қамтыған көрсетілімдерін тамашалады.
Жыл басынан бері полицейлер мектеп оқушыларын, студенттерді, жас спортшыларды, волонтерлерді, жастар бірлестіктерінің қатысушыларын қамти отырып, 600-ден астам профилактикалық кездесу өткізді. "Астана жастары" ұйымымен бірлесіп өткізілген акциялар аясында жастардың қатысуымен 2 500-ден астам есірткі жарнамасы салынған граффити боялып, есірткі туралы ақпарат тарататын сайттар анықталып, бұғатталды.
Елорда жастары профилактикалық жұмысқа белсенді түрде тартылып, салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын таңдауға дайын екенін көрсетіп отыр. Акция - полиция, білім беру ұйымдары, кәсіби қауымдастық және медиа тұлғалардың күш біріктіруі жастардың дұрыс құндылықтарын қалыптастыруда, құқықтық сананы нығайтуда және жас ұрпақтың жауапкершілігін арттыруда шешуші рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
