Астана полицейлері гашиштің ірі партиясын тәркіледі
Елордалық полиция қызметкерлері есірткі өткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қала аумағында есірткі құралдарын жеткізуге және өткізуге қатысы бар екі адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың бірі – 30 жастағы ер адам. Жеке тінту кезінде одан 10 кг гашиш есірткі заты салынған спорттық сөмке табылып, тәркіленді.
Жедел іс-шараларды өткізу барысында полиция қызметкерлері оның сыбайласының ізіне түсті. Тілендиев көшесінде BMW автокөлігі тоқтатылды. 29 жастағы ер адамнан 205,90 грамм гашиш есірткі заты салынған орам тәркіленді.
Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабымен «Есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды.
Астананың полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың басынан бері 218 есірткі қылмысын ашты, оның ішінде 135 өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 265 кг түрлі есірткі тәркіленді.