Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана полицейлері Республика күніне арналған мерекелік концерт өткізді

Елордалық полицияда Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев құттықтау сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке – Республика күнін жаңғырту қажеттігін мәлімдеген болатын. Кейін Президент Заңға қол қойып, Республика күні қайтадан ұлттық мереке мәртебесін алды.

– Біз, полиция қызметкерлері, үнемі Заң күзетінде болуымыз керек! Адамның құқықтары мен бостандықтары сақталуы үшін, әрбір азамат өзін еркін және қауіпсіз сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет, – деді Марат Төлебаев.

Департамент бастығы жеке құрамға мінсіз қызметі, қызметтік міндеттерін кәсіби орындағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлеріне жас мамандарды тәрбиелеуге көмектескені үшін ризашылығын білдірді.

Дәстүр бойынша қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін полицейлер медальдармен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды, сондай-ақ арнайы атақтар берілді.

ҚР ІІМ грамотасымен «Есіл» ауданы Полиция басқармасының жедел уәкілі Аслан Райқұлов марапатталды. ҚР ІІМ алғыс хатымен Уақытша ұстау изоляторының полицейі Ғалымжан Омаров марапатталды. Сонымен қатар «Есіл» ауданы Полиция басқармасының жедел уәкілі Гүльфар Иргибаеваға, Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Асылхан Жүзбаевқа Астана әкімі атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Астана қаласы ПД бастығының бұйрығымен «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен ішкі істер органдарының ардагерлері Болат Кахаев, Владимир Семенов, Айдауыл қызметі взводы командирінің көмекшісі Нұрлан Даниев, «Сарыарқа» ауданы Полиция басқармасының жүргізуші-полицейі Дархан Сейілханов марапатталды.

Сонымен қатар бұл күні Өскеменде өткен самбо күресінен ҚР ІІМ чемпионатының қорытындысы бойынша спортшы полицейлерді марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен практикалық атыс бойынша ҚР ІІМ чемпионатының жеңімпаз полицейлері марапатталды.

Мереке қарсаңында ішкі істер органдарына қызметке келген жас қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады және өздерінің алғашқы офицерлік шендерін алды.

Департамент бастығы жаңа қызметкерлерді маңызды күнмен құттықтап, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын қатаң сақтауды және заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын ұстануды тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру