Астана полицейлері жалдамалы пәтерден алтын бұйымдарды ұрлаған күдіктіні анықтады
Астана полицейлері жалдамалы пәтерден алтын бұйымдарды ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жәбірленуші күйеуімен бірге төрт бөлмелі пәтердің бір бөлмесін жалға алған, қалған бөлмелерінде басқа да жалға алушылар тұрған. Кешке жұмыстан келген уақытта ерлі зайыпты тұрғындар құнды алтын бұйымдарының жоғалғанын байқаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданы ПБ полицейлері ұрлықты аталған пәтерде тұратын көршілердің бірі жасағанын анықтады.
19 жастағы азамат күндізгі уақытта ерлі зайыптылардың жұмыста болғанын пайдаланып, бөлмеден алтын білезік пен алқаны ұрлағанын мойындады. Полицейлер жігіттің ұрланған зергерлік бұйымдарды ломбардқа өткізгенін анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Астана қаласы полиция департаменті азамттарға сақ болып, құнды заттарын қараусыз қалдырмауды ескертеді.