Астана полициясы кеңседен телефондар ұрлаған күдіктіні анықтады
Астана полициясы кеңседен телефондар ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, кеңсеге белгісіз біреудің кіріп, гаджеттерді ұрлап кеткенін айтқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Байқоңыр ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдікті ретінде 43 жастағы ер адамды анықтаған.
Тергеу барысында белгілі болғандай, ер адам мас күйінде түнде Пушкин көшесіндегі ғимараттың жанынан өтіп бара жатып кеңсенің есігі ашық екенін байқаған. Бірден оңтайлы сәтті пайдалануға бел буған күдікті үй-жайға кіріп, Samsung GalaxyTab S7 планшеті мен Samsung Galaxy A6 телефонын жымқырып, 550 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның елордада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Заттай айғақтар алынып, иесіне қайтарылды.