Қазақ күресінің жүлдегері елордада учаскелік инспектор қызметін атқарып жүр
Астана қаласының полиция департаментінде қазақ күресінің жүлдегері қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisiz.kz.
Астана қаласы Нұра ауданында учаскелік инспектор қызметін атқарып жүрген Еркебұлан Әбсадықов – спортта да, құқық қорғау қызметінде де өз беделін қалыптастырған тұлға десек артық айтпаймыз. Ол қазақша күрес пен жекпе-жек спорты бойынша бірнеше мәрте жеңімпаз атанып үлгерген.
Еркебұлан Қызылорда қаласы, Сырдария ауданы Нағи Ілясов ауылында дүниеге келген. Оның спортқа деген қызығушылығы бала кезінен пайда болды. Ауылда өскен ол 15 жасында Қызылорда қаласында көпсалалы техникалық колледжі Ақмешіт институтына оқуға түсіп, сол оқу орнының табалдырығынан бастап қазақша күреспен айналысуды қолға алған. Еңбектенудің нәтижесінде көптеген жарыстарға қатысып, оқу орындары арасында болған қолкүрес жарыстарда көзге түсе бастаған.
Уақыт өте келе оның спорттық жетістігі еленіп, бас жүлделерді де иеленуге мүмкіндігі болған. Содан бастап ол облыстық және халықаралық жарыстарға қатысып, өзінің шеберлігін шыңдай түседі. Ең үлкен жетістіктері – жекпе-жектен ересектер арасында өткен ҚР чемпионатынан 3 орынды иеленіп, 2015 жылы кудо спортынан халықаралық жарыста жеңімпаз атануы.
Институтты тәмамдаған соң, Еркебұлан Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетіне түсіп, заңгер мамандығын меңгеріп шыққан.
Полиция саласындағы қызметтік жолын 2016 жылы Астана қаласының жол патрульдік полиция полкінің қызметінен бастаған. Қазір Еркебұлан Нұра ауданында учаскелік полиция инспекторы ретінде қызметке ауысып, аймақтағы құқықтық тәртіпті қадағалауда. Оның спорттағы тәжірибесі оған қызметінде де үлкен көмегін тигізгені және сол спорттағы тәртіп, қызметті табандылықпен атқарып, тиісті міндеттерді бұлжытпай орындауға үлкен септігін тигізеді.