Астанада 19,5 млн теңгеден астам қарызы бар борышкердің көлігі айып тұрағына қойылды
Астанада 19,5 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкердің көлігі айып тұрағына қойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарайшық көшесінде полиция қызметкерлері 34 жастағы жүргізуші тізгіндеген TANK автокөлігін тоқтатты. "Қорғау" деректер базасын тексеру барысында азаматтың 19,5 миллион теңгеден астам қарызы бар екені және көлік құралына жеке сот орындаушылары тарапынан тыйым салынғаны анықталды.
Заңнамаға сәйкес, автокөлік ұсталып, коммуналдық тұраққа қойылды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков заманауи мониторинг жүйелерін қолдану құқық бұзушыларды тиімді анықтауға және уақытылы шаралар қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Біз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын жалғастырамыз және азаматтарды осындай жағдайларға тап болмау үшін қаржылық міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырамыз, – деді ол.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы және қоғамдық тәртіп саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жалғастырады.