Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада 6 млн теңгенің құрал-саймандарын ұрлаған азамат ұсталды

Астанада 6 миллион теңгенің құрал-саймандарын ұрлаған азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада құрылыс компаниялары белгісіз біреудің қымбат құрал-саймандарды қолды қылғаны жөнінде полицияға арызданды. Жедел-іздестіру шаралары барысында Нұра ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 27 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.

Тергеу барысында күдіктінің түнгі уақытта жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарынан құрал-саймандарды жасырын түрде алып кеткені белгілі болды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 6 миллион теңгеден асады. Сондай-ақ оның жиһаз дүкендері мен қоймаларға да ұрлыққа түскені анықталды.

Құқық қорғау органдары бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында күдіктінің елорда аумағында осыған ұқсас бірнеше қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды. Қазіргі таңда ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға өз мүлкін қорғауға мұқият болуды, сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қырағылық пен жауапкершілік таныту маңызды. Қырағылық артқан сайын, қылмысқа жол беру ықтималдығы азаяды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру