Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада 700-ге жуық ұландық әскери ант қабылдады ҚР

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. 700-ге жуық ұландық Отан алдындағы қасиетті борышын атқаруға салтанатты түрде кірісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елдің әр түкпірінен жиналған олар жауынгерлік дайындық курсынан өтіп, бір сапта туған елінің толыққанды қорғанына айналды. Жүрек тебірентерлік ерекше күнде 2000-нан астам азамат жас сарбаздарға қолдау білдіріп, ортақ қуанышқа куә болды. Сарбаздар үшін бұл - азаматтық өмірге алғашқы үлкен қадам, жауапкершілік пен мақтаныштың белгісі болды. Сапта тұрған жауынгерлерге ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жүрекжарды тілегін арнады.

– Бүгінгі күн - маңызды әрі есте қаларлық сәт. Бүгіннен бастап сіздер қоғамдық тәртіптің сенімді қалқаны боласыздар. Әрдайым тәртіпке берік, рухы мықты, ел қорғауға дайын жауынгер болыңыздар! Командирлеріңіз, ата-аналарыңыз бен бауырларыңыз және барша халық сіздерге зор сенім артады. Бір жылдың ішінде әскери өмірдің мектебінен өтіп, елге абыройлы азамат ретінде оралады деп сенемін. Мақтанышпен қызмет етіңіздер! Әр күніңіз сіздерді нағыз Отан қорғаушысы деген мәртебеге жақындата түссін!

Жас сарбаздардың атынан Орал қаласынан шақырылған қатардағы Арслан Мақашев сөз сөйледі.

– Ел астанасында қызмет ету – біз үшін үлкен мақтаныш. Біз қабылдаған анттың салмағын жақсы түсінеміз және әр тапсырманы абыроймен орындауға дайынбыз. Қызметіміз арқылы Отанымыздың тыныштығына өз үлесімізді қосуға тырысамыз.

Әскери ант қабылдау – жас сарбаздар үшін Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге жол ашқан маңызды белес болды. Енді олар құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе отырып, елордада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге кіріседі. Сонымен қатар Астанада өтетін барлық маңызды қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шарада қауіпсіздікті сақтауға атсалысады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру