Астанада 72 жастағы үлгілі жүргізуші марапатталды
Елордалық полиция департаментінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтарда жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық "Үлгілі жүргізуші – 2025" акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның мақсаты – жол қауіпсіздігі баршамыздың ортақ жауапкершілігімізде екенін ұғындыру.
Акция жолдағы тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген, сондай-ақ қауіпсіз жүргізуді насихаттауға атсалысып жүрген азаматтарды біріктірді. Ерекше назар ұзақ уақыт бойы жол қозғалысы ережелерін бұзбаған тәртіпті жүргізушілерді ынталандыруға аударылды.

Саналы да жауапты жүргізушілікке жарқын үлгі болған – 11 жыл бойы бірде-бір құқық бұзушылық жасамаған елорданың 72 жастағы тұрғыны. Оның жеке үлгісі әрбір жүргізушінің жауапкершілігі мен жол қозғалысына қатысушыларға деген құрметтің маңызын айқындайды.
Салтанатты шараға жас жол инспекторлары, волонтерлер, қалалық автомектептер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. №55 және №104 мектептердің оқушылары жол қозғалысы ережелерін насихаттауға бағытталған тақырыптық қойылымдар дайындады.
