Астанада алаяқтық әрекет әшкереленді
Астана қаласында алаяқтық әрекет әшкереленді, -деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының Байқоңыр аудандық полиция басқармасы алаяқтық әрекетке күдікті 51 жастағы азаматты қолға түсірді.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол түрлі азаматтармен құрылыс материалдарын жеткізу туралы жалған келісімшарттар жасап, алдын ала төлем талап еткен. Алайда алған ақшасына сай міндеттемелерін орындамай, құрылыс материалдарын жеткізбеген. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,4 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.
Күдікті өз әрекеттерін компания атынан заңсыз жүргізіп, бірнеше адамды қаржылық шығынға ұшыратқан. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оның өзге де қылмыстық әрекеттерге қатыстылығын тексеруде.
Полиция азаматтарды алаяқтық фактілерінің алдын алу үшін мұқият болуға шақырады. Құрылыс материалдарына немесе кез келген қызметке тапсырыс бергенде келісімшартты мұқият қарап, алдын ала төлем жасаудан бас тарту – қаржылық қауіпсіздіктің кепілі.