Астанада алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды
Астанада алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деген желеумен алаяқтық жасаған 26 жастағы азаматты анықтады.
Күдікті жәбірленушіге жүргізуші куәлігін заңдастыруға мүмкіндігі бар екенін айтып, сеніміне кірген. Өзінің қабілеттілігіне сендіріп, одан шамамен жарты миллион теңге көлемінде ақша алған. Алайда ақшаны алған соң хабарласпай қойған. Алданғанын түсінген жәбірленуші бірден полицияға жүгінген.
Күдікті өз кінәсін мойындап, түсініктеме берді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы екі эпизодқа қатысы бар екені анықталды.