Астанада әлеуметтік желідегі онлайн танысудың соңы телефон ұрлаумен аяқталды
Астанада әлеуметтік желідегі онлайн танысудың соңы телефон ұрлаумен аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көбінесе ұрлыққа ұрынған адамдар өздерінің немқұрайлылығынан зардап шегетінін айтуға болады. Мәселен Нұра ауданының полиция басқармасына 49 жастағы астаналық әйел өтініш білдіріп, ұрлық туралы хабарлаған.
Әйел азаматша Instagram әлеуметтік желісінде 44 жастағы ер адаммен танысқанын айтып, қысқа виртуалды қарым-қатынастан кейін әйел жаңа танысын үйіне қонаққа шақыруды шешкен.
Кездесу кезінде екеуі ішімдік ішіп, әйелдің ұйықтағанын күткен қонақ құны шамамен 150 мың теңге тұратын Redmi телефонын алып, ізін суытқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар қала тұрғынын анықтап, ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оның елорда аумағында бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.