Астанада алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған күдікті қолға түсті
Астанада алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 19 жастағы азаматты ұрлық қылмысына күдікті деп құрықтады.
Тергеу барысында ұсталған азамат қаланың сол жағалауында орналасқан мекенжай бойынша жатақхана бөлмесінің есігін әккілікпен ашып кіріп, ұрлығын іске асырған.
Ішке кірісімен ашық түрде шкафка салынған алтын бұйымдарды жымқырып, оған қоса сақтаулы тұрған 300 доллар ақшаны да ұрлап кеткен.
Сөйтіп қаскүнем жәбірленушіге тиесілі жалпы құны 1 млн 350 мың теңгелік сырға, сағат, сақина мен білезікті елордадағы ломбардтардың біріне тапсырып, алған ақшасын керегінше жұмсап үлгерген.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуіп жатыр.
Сонымен қатар оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы да анықталады.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.