Астанада арнайы көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары күшейтілді
Астанада арнайы көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында Астана қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы жедел медициналық жәрдем станциясының жүргізушілер құрамымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында жүргізушілерге арнайы көліктердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдаудың нәтижелері жеткізілді. Қызметтік міндеттерді орындау кезінде апатты жағдайлардың туындауына ықпал ететін себептер мен мән-жайларға ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге арнайы жарық және дыбыс сигналдарын қолдану кезінде де жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Басымдық беру құралдарын пайдалану тәртібі, жылдамдық режимін сақтау, сондай-ақ қиылыстардан өту және көлік ағыны тығыз жағдайда маневр жасау кезінде жоғары сақтық шараларын ұстану талаптары жеке түсіндірілді. Арнайы сигналдардың болуы жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін жауапкершіліктен босатпайтыны атап өтілді.
Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу арнайы көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ жедел қызметтердің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады.
