Астанада арзан бағамен телефон ұсынған алаяқ ұсталды
Астанада iPhone смартфондарын арзан бағамен сатамын деп алдаған алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері iPhone смартфондарын көтерме бағамен сатамын деп бірнеше азаматты алдаған 35 жастағы ер адамды қолға түсірді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті өз танысына арзан бағамен жаңа телефондар сатып алуға мүмкіндік бар екенін айтып, сеніміне кірген. Танысы бұл ақпаратты өзгелерге де таратқан. Нәтижесінде бірнеше адам аталған алаяқтық схеманың құрбанына айналған.
Күдікті жәбірленушілерден алдын ала төлем ретінде ірі көлемде ақша алған. Ақша қолына тиген соң, түрлі сылтау айтып, уақытты созып келген. Кейін мүлдем байланысқа шықпай, жәбірленушілермен хабарласуды доғарған.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша он алаяқтық фактісі тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға бейтаныс адамдарға сенбеуді, күмәнді мәмілелерден бас тартуды және тауар сатып аларда міндетті түрде ресми құжаттармен жұмыс істеуді ескертеді.