Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада әскери ғалым атындағы аудитория ашылды

Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде еліміздің әскери ғылымына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым Қанат Төлеңгітовтің атына оқу аудиториясы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Ұлттық ұлан қолбасшылығы, әскери білім ордасының басшылығы, құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, отбасы мен жақындары қатысты.

Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов, Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Асқар Мұстабеков және басқа да қызметтес болған әскери қайраткерлер естеліктерімен бөлісті.

- Қанат Файзрахманұлын әскери педагогика саласының белсенді архитекторы деп есептеймін. Оның идеялары, еңбектері мен оқу-зерттеулері, әскери ғылымға деген көзқарасы - кадрлық офицерлер даярлау жүйесіне тірек болды деп нық сеніммен айтуға болады. Сондықтан да ғалымның есімін ұлықтауды - оның кәсіби мұрасын жас буынға үлгі ету және ел мүддесіне адал қызмет етудің құндылығын дәріптеу деп түсіну керек, - деді Б.Әбжанов.

Ғалым атын иеленген аудиторияда полковник Қанат Төлеңгітовтің ғылыми еңбектері, әскери қызметтегі жетістіктері мен өмір жолы туралы баяндалған тақта орналастырылған. Аталмыш аудитория болашақ офицерлерді даярлау ісінде, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде және әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуда маңызды рөл атқаратын болады.

Айта кетелік, Қанат Төлеңгітов — педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор,  Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының мүшесі, Ресей Федерациясы Әскери ғылым академиясының мүшесі. 2008-2013 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ ішкі әскерлер комитетінің (қазіргі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының) жауынгерлік даярлық басқармасы оқу және ғылыми жұмыс бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының, Ұлттық қорғаныс университетіндегі Ұлттық ұлан факультетінің ашылуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан. 100-ден аса ғылыми зерттеудің авторы. Еңбектері әскери білім беру саласында бүгінгі күні де тиімді қолданылуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру