Астанада автобуста қымбат телефон ұрлаған күдікті ұсталды
Астанада автобуста қымбат телефон ұрлаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана полициясының жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері қалта ұрлығын жасаған деген күдікпен 31 жастағы ер адамды ұстады.
62 жастағы қала тұрғыны бір автобустан екіншісіне ауысу кезінде қымбат телефонының жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған.
Тексеру барысында полицейлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шығып, күдіктінің әйелдің қалтасынан телефонды білдірмей алып, келесі аялдамада түсіп қалғанын анықтады.
Күдіктінің жеке басы тез арада анықталды – оның бұрын да осындай қылмыстар үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды.
Ер адам кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция азаматтарға қоғамдық көлікте және адамдар көп жиналатын орындарда сақ болуды, бағалы заттар мен ақшаны сыртқы қалтада сақтамауды ескертеді. Егер мүлік жоғалған жағдайда, бірден полицияға хабарласу қажет.