Астанада автокөлікті заңдастырып беремін деп уәде еткен алаяқ ұсталды
Астанада автокөлікті заңдастырып беремін деп уәде еткен алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полицейлер шетелдік тіркеудегі автокөлікті Қазақстанда заңдастырып беремін деп сенімге кіріп, ірі көлемде ақша алған күдіктіні ұстады.
Тергеу мәліметтері бойынша, жәбірленуші күдіктімен ортақ танысы арқылы байланыс орнатқан. Күдікті өзін көлік рәсімдеу ісінде тәжірибелі маман ретінде таныстырып, автокөлікті ресейлік есептен шығарып, қазақстандық нөмірге рәсімдеп беремін деп уәде берген. Келісімге сәйкес жәбірленуші бастапқы жарты соманы қолма-қол беріп, қалғанын банктің мобильді қосымшасы арқылы аударған. Алайда күдікті ақшаны алған соң, уәдесін орындамай, қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 850 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Байқоңыр аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 31 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер қосымша жәбірленушілердің бар-жоғын анықтауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.
Полиция азаматтарға сақ болуды, көлікті тіркеу немесе заңдастыру бойынша тек ресми органдарға жүгінуді және бейтаныс тұлғаларға сенбеуді ескертеді.