Астанада батыр полицейлерге құрмет көрсетілді
Астанада батыр полицейлерге құрмет көрсетілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін елордалық полиция департаментінде жүрек тебірентерлік кездесу өтті. Бұл жиынға ерлік көрсеткен полицейлер мен олардың арқасында өмірі аман қалған азаматтар жиналды.
Құтқару оқиғаларының көпшілігі өмірге қауіпті жағдайлармен байланысты болды: өртеніп жатқан ғимараттардан адамдарды эвакуациялау, қайғылы жағдайлардың алдын алу, қиын сәттерде дер кезінде көмек көрсету. Кездесу тек алғыс білдіруге ғана емес, сонымен қатар полицей мамандығының маңыздылығы мен терең мәнін ұғындыруға себеп болды. Құтқарылған балалардың ата-аналары тебірене, кейде көзіне жас алып алғыстарын жеткізді.
— Олар келіп, алдымен мені оятты. Сосын бәрімізді оятты… Өте әсерлі сәт болды. Қазір де сол оқиғаны еске алғанда, балаларым үшін жүрегім дүрсілдейді. Үлкен алғысымды білдіремін — дәл сіздердің батыл әрекеттеріңіздің арқасында біз аман қалдық, — дейді астаналық тұрғын отбасын — 6 адамды өрттен құтқарып қалған оқиға туралы.
— Назым біздің баламызды құтқарып қалды. Бұл нағыз ерлік болды. Сол кезде оған бір нәрсе болғанда, бүгін біз дәл осылай өмір сүрмес едік, қуанып отырмас едік, — деді полиция майоры Назым Шарипованың арқасында бассейннен аман қалған баланың әкесі.
Кездесу барысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың ерлігі — жас тәртіп сақшыларына үлгі боларлық батырлықтың жарқын көрінісі.
Залда халықаралық аренада Қазақстанның атын шығарып жүрген спортшы полицейлер мен кәсіби жолын жаңа бастаған жас қызметкерлер де болды. Бұл кездесу әрбір қатысушыға полиция қызметінің жай ғана мамандық емес, бұл — күн сайынғы таңдау екенін еске салды: жанында болу, дайын болу, алғашқы болып көмекке келу.