Астанада базардағы сатушының ақшасын қолды қылған күдікті анықталды
Астанада базардағы сатушының ақшасын қолды қылған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сатушының айтуынша, ұрлық күндіз, ол қысқа уақытқа кетіп қалған кезде болған. Камера жазбасынан ер адамның кассаға жақындап, сатушылардың жоқтығын пайдаланып, 70 мың теңгеден астам ақша алып кеткенін көруге болады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елордалық полицияның жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері 57 жастағы шетел азаматын анықтады.
Ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде, ұрлыққа қатысы бар шетелдік азамат мойындау көрсетпелерін берді. Осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
ҚР көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін шетелдікке қатысты әкімшілік іс қозғалды, іс материалдары сотқа жіберілді. Ер адамға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе Қазақстан аумағынан шығарып жіберіледі.