Астанада биыл есірткі қылмысының алдын алу мақстасында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылды
Астанада есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жұмыстарының қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Астана – есірткісіз қала" 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында елордалық полиция қызметкерлері күн сайын белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде осы жылдың 9 айында заңсыз айналымнан 410 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді.
Бір есірткі зертханасы мен фитолабораторияның қызметі әшкереленді. Полицейлер 900-ден астам есірткі қылмысын ашса, оның шамамен 300-і – тыйым салынған затты сату фактісі.
Мәселен, полиция қызметкерлері 50 жастағы ер адамды есірткі заттарын заңсыз сақтап, сатты деген күдікпен ұстады. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен шамамен 70 келі гашиш табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қазіргі уақытта елорда аумағында "Қарасора - 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның барысында бүгінге дейін заңсыз айналымнан шамамен 350 келі есірткі заты алынды.
Бұдан бөлек, қыркүйек айында прокуратурамен бірлесіп, есірткі қылмыстарына қарсы 30 күндік кешенді іс-шара өткізілді. Оның нәтижесінде 140-тан астам қылмыс әшкереленіп, 35 келіге жуық есірткі тәркіленді.
Профилактикаға ерекше көңіл бөлінуде. Мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, жыл басынан бері 600-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ мыңнан астам есірткі сайты бұғатталып, екі мыңға жуық есірткі жарнамасы бар граффити жойылды.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында танымал спортшылар мен блогерлердің қатысуымен тұрақты түрде дәрістер, акциялар және спорттық іс-шаралар өткізілуде.