Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада бомба туралы жалған ақпарат берген оқушы анықталды

Астанада мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабар берген оқушы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада полицейлер қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу мақсатында жүйелі түрде профилактикалық жұмыс жүргізуде. Қауіп туындаған жағдайда іс-қимыл алгоритмін, эвакуация тәртібін және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу жолдарын түсіндіреді. Сондай-ақ террористік сипаттағы қылмыстар, соның ішінде жалған минирлеу туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін жауапкершілік те түсіндірілуде.

Елордадағы мектептердің бірінде ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар түскен. Алдымен роботтандырылған дауыспен қоңырау шалынған, екі күннен соң мектеп директорының жеке нөміріне хабарлама жолданған. Екі жағдайда да шұғыл қызметтер мектепті толық эвакуациялап, ғимаратты тексеріп, қауіптің жоқ екенін анықтады. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде аталған хабарламаларды 8 сынып оқушысы бастағаны анықталды.

Жасөспірім әлеуметтік желіден жалған минирлеу туралы хабарламалар жіберу үшін ақы төлеуді ұсынған жазбаны көріп, өзінің телефонына қолжетімділік берген. Осылайша ол сабақтың болуына кедергі келтіруге тырысқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, кәмелетке толмағанның ата-аналары баланы тиісті деңгейде тәрбиелемеуі үшін жауапкершілікке тартылды. Оқушы кәмелетке толмағандар есебіне қойылды.

Полиция көрінеу жалған жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделетінін және келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті жүктелетінін еске салады. Полиция ата-аналарды балаларын қорғауға, дұрыс бағыт-бағдар беруге, профилактикалық әңгімелер жүргізуге, мұндай әрекеттердің қауіптілігін түсіндіруге, сондай-ақ ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерді пайдалануын бақылап отыруға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру