Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада дербес деректерді қорғау және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Астанада дербес деректерді қорғау және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық, цифрлық сауатын арттыру мақсатында Астана қаласында "Цифрлық технологиялар жағдайында дербес деректерді қорғау: интернет-алаяқтықтың алдын алу" тақырыбында профилактикалық лекция өткізілді. Іс-шара Астана қаласында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік деректерді өңдеу басқармасында өтті.

Іс-шараға ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары Аман Аубакиров және мемлекеттік деректерді өңдеу басқармасы басшысының орынбасары Санат Шимгамбаев сөз сөйледі.

Іс-шара барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, дербес және банк деректерін қорғаудың негізгі қағидалары, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлер туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Шараның басты мақсаты – азаматтардың жеке ақпаратты қорғау мәдениетін қалыптастыру және интернет арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу.

Аман Аубакиров өз баяндамасында интернет-алаяқтардың әрекет ету тәсілдеріне, соның ішінде азаматтардың психологиялық әлсіз тұстарын пайдаланатын әдістеріне тоқталды. Ол алаяқтардың өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен жеке және банк деректерін алуға тырысатынын атап өтті. Сондай-ақ соңғы уақытта “шотыңыз бұғатталады”, “атыңызға несие рәсімделді” деген мазмұндағы жалған қоңыраулар мен хабарламалардың жиілегенін жеткізді.

Спикер азаматтарды мұндай жағдайда сабыр сақтап, алынған ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеруге шақырды. Ол құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия кодтар мен жеке деректерді сұрамайтынын еске салды.

Өз кезегінде Санат Шимгамбаев цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы дербес деректердің заңсыз айналымға түсу қаупін арттырып отырғанын атап өтті. Ол онлайн-сервистерді пайдалану кезінде күмәнді сайттар мен белгісіз сілтемелерден сақтану, бөгде қосымшаларды жүктемеу және жеке мәліметтерді қорғаудың маңызына тоқталды.

Лекция барысында қатысушылар интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары, жеке ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдері бойынша нақты практикалық кеңестер алды. Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

– Интернет-алаяқтықтың басты қаупі - оның көзге көрінбеуінде. Алаяқтар көбіне азаматтарды үрейлендіріп немесе асығыс шешім қабылдату арқылы алдауға тырысады. Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау мен хабарламаға сенбеу керек. Жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеу қажет. Цифрлық қауіпсіздік әр азаматтың жеке жауапкершілігі, – деді ІІМ өкілі Аман Аубакиров.

Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық іс-шаралар цифрландыру үдерісі қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде интернет-алаяқтықтың алдын алуға және азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған тиімді құрал екенін атап өтті.

– Жасанды интеллект қарқынды дамыған заманда киберқауіпсіздік мәселесі полицияның басты назарында. Алаяқтар тіпті сіздің жақыныңыздың келбетімен сізге хабарласуы мүмкін. Тіпті хат жазып түрлі сылтаулармен мазалайды. Сондықтан танысыңызға қаражат аудармастан бұрын оған хабарласып, оның нақты өзі екеніне көз жеткізіңіз, – деп түйіндеді Аман Аубакиров.

Іс-шара соңында Аман Аубакиров алаяқтардан сақ болуға, күмәнді хабарлама келген жағдайда бірден полицияға жүгіну керегін еске салды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру