Астанада емханалардың бірінен телефон ұрлаған күдікті қолға түсті
Астанада емханалардың бірінен телефон ұрлаған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
61 жастағы елорда тұрғыны телефоны ұрланғаны жөнінде полицияға арызданды. Айтуынша, ол дәрігер бөлмесіне кірген кезде сөмкені ілгішке тастап кеткен. Бір телефон сөмкеде болған, ал екіншісін өзімен бірге алып кірген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қаскүнемді анықтады. Нәтижесінде жігіт телефонды сөмкеден жасырын ұрлап кеткені анықталды. Күдікті ұрлық жасағанын мойындады.
Келтірілген материалдық шығын – 450 мың теңге.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға мұқият болуға және жеке заттарын қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмауға кеңес береді.