Астанада ер адам танысудан бас тартқан әйелдің сөмкесін алып қашқан
Астанада ер адам танысудан бас тартқан әйелдің сөмкесін алып қашқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлеріне 32 жастағы қала тұрғыны өзіне шабуыл жасағаны жайында айтып, арыз қалдырған.
Таңертең жәбірленуші Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойындағы тұрғын үйдің ауласына шығып, бейтаныс жігітті кездестіреді. Ер адам оған жақындап, кездесуді ұсынған. Кездесуден бас тартқан қызды бейтаныс жігіт жерге итеріп жіберіп, оның қолындағы құжаттары мен Samsung телефоны бар сөмкені жұлып алған. Зардап шегуші қашып бара жатқан ер адамның артынан жүгіргенімен, оны қуып жете алмаған.
150 мың теңге тұратын сөмкесі мен ұялы телефонынан айырылған астаналық әйел полицияға жүгінген.
Сарыарқа ауданы ПБ полиция бөлімінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қарақшылық шабуылға қатысы бар 33 жастағы ер адамды анықтап, заттай айғақтар алынды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған азаматтың бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.