Астанада есірткі қылмысына қарсы автофест ұйымдастырылды
Астанада есірткі қылмысына қарсы автофест ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада прокуратураның үйлестіруімен полиция жүзеге асырып жатқан 30 күндік есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар кешені жалғасуда.
Осы шаралардың аясындағы жарқын оқиғалардың бірі — "BMW fest" автокөлік фестивалі болды. Ол "Астана — есірткісіз қала" ұранымен ұйымдастырылды. Автофест форматы кездейсоқ таңдалған жоқ — ол жастарға жақын әрі қызықты, сондай-ақ белсенді қала тұрғындарын да тартады. Алаңға автокөлік әуесқойлары жиналып, түрлі сайыстар мен көрсетілімдер өтті.
Іс-шараның мақсаты — салауатты әрі белсенді өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру. Барлық қатысушылар мен көрермендерге денсаулыққа жауапкершілікпен қараудың маңызы және зиянды әдеттерге нық "жоқ" деу қажеттігі еске салынды.
Полиция есірткі қылмысының алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.