Астанада есірткіге қарсы жиын өтті
Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың төрағалығымен есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға Мәслихат депутаттары, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және көпшілікке белгілі тұлғалар қатысты. Олар есірткі қылмыстарының алдын алу және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау ісіне өз үлестерін қосуды мақсат тұтады.

Кеңес барысында жаңа мүшелерге куәліктер табысталып, олардың қоғаммен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігі атап өтілді. Бұл қадам есірткіге қарсы іс-қимылды күшейтуге, заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыруға және профилактикалық шараларды жетілдіруге бағытталған нақты жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ішкі істер министрлігі астаналық кеңестің жұмыс тәжірибесін оң бағалап, оны өңірлерге үлгі ретінде ұсынды. Кеңес мүшелері өз бастамалары мен жобаларын таныстырып, оларды тиімді іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға ниетті екенін білдірді.
Отырыста атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер белгіленді.
Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын ерекше атап өтті:
- Тек қоғамның белсенді қатысуы мен әр азаматтың жеке жауапкершілігі арқылы ғана есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуда және жастарды есірткінің зиянды ықпалынан қорғауда тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге болады, — деді ол.
Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес қоғамды есірткі қатерінен қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздеп, өз жұмысын жүйелі түрде жалғастыратын болады.
