Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада есірткіні сақтап, пайдаланған үш азамат ұсталды

Астанада есірткіні сақтап, пайдаланған үш азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында елордада полицейлер күдік тудырған Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатты. Көліктің рөлінде 26 жастағы азамат болған, қасында екі жолаушысы отырған. Тәртіп сақшыларының назарын аудартқан тағы бір жағдай – жүргізушінің қатты қобалжуы еді.

Жеке тінту кезінде оның қалтасынан ақ ұнтаққа ұқсас зат оралған пакет табылып, тәркіленді. Бұдан кейін көлік салонын тексеру барысында кілемшенің астынан осындай тағы тоғыз орама шықты. Сараптама нәтижесінде табылған заттың мефедрон есірткі құралы екені анықталды.

Белгілі болғандай, жастар есірткіні жеке пайдалану үшін Telegram әлеуметтік желісі арқылы сатып алған. Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізуші мен екі жолаушының да тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсетті.

Сот шешімімен олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке арнайы қабылдау орнына қамалды. Сонымен қатар аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Астана қаласының полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын есірткі заттарын заңсыз сақтауға қатысты кез келген ақпаратты байқаса, бірден 102 телефоны арқылы хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру