Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада фирма аумағынан мыс құбырлар ұрланды

Астанада фирма аумағынан мыс құбырлар ұрланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"102" арнасына қаланың өндірістік базаларының бірінің аумағынан құбырлардың ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Қылмысты ашу үшін тәртіп сақшылары аумақты мұқият тексеріп, куәгерлерден сұрастырды.

Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол осы кәсіпорында бұрын жұмыс істеген 42 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында бұрынғы қызметкер таныстарын алдап, ұйымның мүлкін алып шығуға көндіргені белгілі болды. Ол басшылықтың бұл жайлы хабардар екенін және олардың да үлесі бар екенін айтқан.

Түнде күдікті сыбайластарының көмегімен құрылысы жүріп жатқан кешенге заңсыз кіріп, 5 метрлік 140 дана мыс құбырды ұрлаған. Ұрланған мүлікті олар металл қабылдау орнына өткізген. Материалдық шығын шамамен 2 миллион теңгеден асады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Күдікті ұсталып, кінәсін мойындады. Қалған екі сыбайласы іс бойынша куәгерлер ретінде өтуде.

Астана қалалық полиция департаменті азаматтарды қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу немесе сату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру