Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада геодезиялық құрал-жабдықты иесінің келісімінсіз сатып жіберген ер адам ұсталды

Астанада геодезиялық құрал-жабдықты иесінің келісімінсіз сатып жіберген ер адам ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ер адам геодезиялық жабдықтарды жалға берумен айналысатын мамандандырылған фирмаға жүгініп, тахеометр құралын жалға алған. Тараптар арасында құралдың сақталуын ай сайын бақылау қарастырылған келісімшарт жасалған. Алайда жалға алушы бақылаудан жалтарып, өзге өңірлердегі нысандарда жұмыс істеп жатқанын сылтауратқан. Кейінірек ол тағы үш құралды жалға алған. Бастапқы кезде жалдау төлемдері жүргізілгенімен, кейіннен мүлдем тоқтаған.

Фирма өкілі жалға алушымен байланысқа шығуға тырысқанда, ол қаржылық қарыздарын жабу үшін жабдықтарды сатуға мәжбүр болғанын хабарлаған. Келтірілген жалпы шығын шамамен 3 миллион теңгені құрады.

Иесінің рұқсатынсыз жалға алынған мүлікті сату фактісі алаяқтық ретінде сараланып, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Полиция ескертеді: бөтен мүлікті жеке пайда табу мақсатында пайдалану — қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Жалға алу немесе сенімгерлік сақтау жағдайында жабдықтар,техника және өзге де құндылықтар компания меншігінде қалады, ал иесінің келісімінсіз оларды иелену немесе сату — заңсыз әрекет болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру