Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында шенді арулар марапатталды

Көктемнің көркем мерекесі қарсаңында Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Елорда полициясында ұйымдастырылған салтанатты іс-шара барысында тек қазіргі қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар ардагерлер, қаза тапқан ІІО қызметкерлерінің жұбайлары мен аналары да арнайы шақырылып, құрметке бөленді.

Бүгінде елордалық департаментте мыңға жуық офицер әйел еңбек етеді. Олар әртүрлі бөлімшелерде табысты қызмет атқарып, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби шеберлігін көрсетіп келеді. Тергеуші, анықтаушы, криминалист, кинолог, жедел уәкіл және ювеналды полиция инспекторы ретінде ер азаматтармен қатар аянбай еңбек етуде.

Қалалық полиция бастығы барлық әйелге шынайы ризашылығын білдіріп, оларға амандық, зор денсаулық және көктемгі көңіл-күй тіледі.

– Біз құқық қорғау жүйесіндегі сіздердің рөлдеріңізді, адал қызметтеріңізді, қайсарлықтарыңызды және әділеттілікке деген ұмтылыстарыңызды мойындаймыз. Сіздер күн сайын ерлік пен жауапкершіліктің, қызметтік борышқа адалдықтың ер мен әйел болып бөлінбейтінін дәлелдеп келесіздер, – деді Марат Төлебаев.

Елордадағы полицей әйелдер еңбегі “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және құнды сыйлықтар – қол сағаттармен марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар қызметкер Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің және қалалық полиция департаменті бастығының марапаттарына ие болды.

Кеш соңында нәзік жандыларға арналып, ішкі істер органдары қызметкерлері мен қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру