Астанада халықаралық іздеуде жүрген әйел ұсталды
Астанада халықаралық іздеуде жүрген әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада «Қылмысты тоқтату» жедел-алдын алу шарасы барысында халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының азаматы қолға түсті.
35 жастағы әйел адам Ресейде полиция қызметкеріне қарсылық көрсетіп, кейін елден қашып кеткен. Осы оқиғаға байланысты қараша айында оған халықаралық іздеу жарияланған.
Күдікті Қазақстанға жұмыс іздеп келген. Полицейлер оны тұрғын үйлерді тексеру кезінде анықтап, дереу ұстады. Қазіргі уақытта күдікті Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол экстрадициялау туралы шешім шыққанға дейін сол жерде болады. Жақын күндері әйел Ресей Федерациясының қылмыстық іздеу органдарына тапсырылатын болады.
Бұл оқиға Қазақстан полицейлерінің қырағылығы мен кәсібилігін тағы бір рет дәлелдеді.