Астанада интернет-алаяқтықпен күрес бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Астанада интернет-алаяқтықпен күрес бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің Кибер қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері “Интернет алаяқтығының алдын алу және азаматтардың киберқауіпсіздік туралы білімін арттыру мақсатында материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының автошаруашылығы” мекемесінде түсіндіру дәрістерін жүргізді.
Дәріс барысында басқарма мамандары интернеттегі алаяқтықтың кең таралған түрлерін, жеке деректерді қорғау тәсілдерін және кибер шабуылдардан қорғану жолдарын түсіндірді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы ақпарат алды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері қаладағы тұрғын үй кешендерін аралап, азаматтарға киберқауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы жадынамалар таратты. Бұл жадынамаларда интернеттегі қауіп-қатерлер мен олардан сақтану жолдары қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндалған.
Киберқылмыстардың алдын алу – қоғам қауіпсіздігінің маңызды бөлігі.
Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға, күмән тудыратын сілтемелер мен бейтаныс адамдардан келген хабарламаларға сенбеуге шақырады. Кез келген күдікті жағдай туындаған жағдайда, тұрғындар құқық қорғау органдарына жүгінуі тиіс.