Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында дәрістер ұйымдастырылды
Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында дәрістер ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар мекемелерде ақпараттық дәрістер өткізді.
Бұл іс-шаралар Орталық сайлау комиссиясы, "Астана-Энергия" ЖШС, Қорғаныс министрлігі секілді маңызды мекемелерде ұйымдастырылды. Кездесулер барысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдерін түсіндіріп, олардың құрбаны болмаудың жолдарын айтып берді.
Дәрістерде азаматтарға бейтаныс нөмірлер мен сілтемелерге сақтықпен қарау, банк картасының деректері, құпия сөздер мен SMS-кодтарды үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді онлайн сауда платформаларында ақша аударымдарын жасамау, сондай-ақ алаяқтыққа ұшыраған жағдайда бірден полицияға хабарласу туралы кеңестер берілді.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды өз жеке мәліметтерін қорғауға, қырағылық танытуға шақырады. Интернет-алаяқтықпен күрестегі ішкі істер органдарының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары одан әрі жалғасын табады.