Астанада интернет арқылы жасалған алаяқтықтың жолы кесілді
Елордада Нұра аудандық криминалдық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен 34 жастағы ер азаматты қолға түсірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда жиһаз дайындау қызметін ұсынып, жалған хабарландырулар жариялаған. Ол азаматтардан алдын ала төлем ретінде ақша алып, келісілген міндеттемелерін орындамай, байланыссыз кеткен. Аталған әрекеттердің салдарынан жәбірленушіге 840 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары оның тағы төрт ұқсас қылмысқа қатыстылығын анықтады.
Полиция азаматтарды интернет арқылы тауар немесе қызмет сатып алу кезінде аса сақ болуға шақырады. Белгісіз тұлғаларға алдын ала ақша аударудан бас тартып, қызмет көрсетушінің сенімділігіне көз жеткізу қажет.
