Астанада ірі көлемде синтетикалық есірткі сақтаған шетел азаматы ұсталды
Астанада ірі көлемде синтетикалық есірткі сақтаған шетел азаматы ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қазақстанда ұзақ жылдар бойы тұрып келе жатқан, ықтиярхаты бар шетел азаматын ұстады. 49 жастағы ер адам қаладағы коммуналдық қызметтердің бірінде жұмыс істеген.
Тінту кезінде одан 80-нен астам түйіншек табылып, тәркіленді. Атап айтқанда, күдіктінің қол сөмкесінен – 40, автокөлігінен – 8, ал тұрғылықты жерінен – 35 түйіншек шықты. Сараптама қорытындысы бойынша, олардың барлығы жалпы салмағы 80 грамнан асатын синтетикалық есірткі – мефедрон екені анықталды.
Сонымен бірге пәтерінен заңсыз әрекетке пайдаланылған электронды таразылар, зип-пакеттер және мобильді телефон табылды.
Күдіктіге қатысты есірткі заттарын сақтау және өткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, ол есірткі қолданғаны үшін де жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды.
Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымы – аса ауыр қылмыс екенін ескертеді. Бұл үшін қатаң қылмыстық жаза қарастырылған. Елорда полицейлері азаматтарды тыйым салынған заттарды тарату деректері бойынша дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырады.